Қалай, қашан және қанша қабылдау керек — дәрі туралы барлық маңызды ақпарат нұсқаулықта жазылған. Оны түсіну үшін оны қалай дұрыс оқу керектігін және қандай нәрсеге баса көңіл аудару керектігін білу керек. Осы жайында және басқа да мәселелер мақалада айтылған, рецептуралық және рецептісіз дәрі-дәрмектердің айырмашылығы неде және неге белсенді заты бірдей дәрі-дәрмектер әртүрлі болуы мүмкін екенін біліңіз.
Рецепті бойынша және рецептісіз дәрі-дәрмектер
Дәрі-дәрмектер рецепт бойынша немесе рецептісіз сатылуы мүмкін. Егер препараттың әсері күшті болса және дәрігердің қатаң бақылауын қажет етсе, оны жай сата салмайды. Рецептісіз дәрі-дәрмектерді өз бетіңізше сатып алуға болады, олар: анальгетиктер, суық тиюге қарсы дәрі-дәрмектер, дәрумендер. Оларды қолданар алдында нұсқаулықты мұқият оқып шығу керек.
Нұсқаулықты қалай оқу керек
Қаптамадағы препараттың атауы нұсқаулықта көрсетілген атауға сәйкес келетін-келмейтінін тексеріңіз және мына тармақтарды оқуға көшіңіз:
Қолдану көрсеткіштері
Сіздің сыртқатыңыз немесе оның белгілері осы бөлімде көрсетілуі керек. Егер олар жоқ болса, дәрігерден бұл препараттың сізге не үшін белгіленгенін нақтылаңыз.
Қарсы көрсетілімдер
Мұнда препаратты қабылдау мүмкін емес немесе дәрігердің бақылауын қажет ететін аурулар немесе белгілер көрсетілген. Егер тізімде сіздің ауруыңыз болса, маманмен кеңесіңіз.
Жүктілік және бала емізу кезінде қолдану
Кейбір дәрі-дәрмектер жүкті немесе бала емізетін әйелдерге мүлдем тыйым салынады немесе жасанды тамақтандыруға уақытша көшу қажет болады. Белсенді заттар ана мен баланың организмдері бөлетін гематоплацентарлы тосқауыл арқылы өтіп, ұрықтың дамуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан кез келген дәрі-дәрмектерді емдеуші дәрігермен кеңеспей қабылдауға болмайды.
Қолдану тәсілі және мөлшері
Препаратты дұрыс қабылдау үшін осы бөлімді оқыңыз: аш қарынға, тамақтану кезінде немесе тамақтанғаннан кейін, шайнау немесе жұту, қанша мөлшерде және қаншалықты жиі. Дәрігер белгілеген мөлшер тәуліктік мөлшерден аспайтынын тексеріңіз, ал асып кеткен жағдайда неге екенін нақтылаңыз.
Кері әсері
Кері әсерлерден қорықпаңыз. Нұсқаулықта зерттеу кезінде пайда болған барлық реакциялар, тіпті, егер олар миллион пациенттің біреуінде орын алса да, көрсетіледі. Егер олар пайда болса, сырқаттың себептерін білу үшін тізімді қарап шығыңыз. Сонда дәрігер не істеу керектігін және сәйкес келмейтін препаратты қалай ауыстыру керектігін тез түсінеді.
Сақтау шарттары
Препарат дұрыс сақталмаса, бұзылуы немесе тиімсіз болуы мүмкін. Барлық дәрі-дәрмектер салқын, құрғақ жерде сақталуы керек, ал кейбіреулері үшін ерекше жағдайлар қажет, мысалы, тоңазытқышта сақтау.
Қаптама нені білдіреді
Мұнда препараттың атауы, белсенді зат және мөлшері туралы ақпаратты таба аласыз. Дәрігердің белгілеуі мен соңғы екі тармақтың сәйкес келуі маңызды. Атаулар мен бағалар әртүрлі болуы мүмкін, бұл өндірушіге байланысты. Егер препарат сізге белгілегеннен арзандау болса, бұл оның жаман екенін білдірмейді. Бұл дженерик, яғни түпнұсқа дәрі-дәрмектің аналогы. Олар арзан, өйткені оларды препаратты әзірлемейтін және оған ақша жұмсамайтын компаниялар өндіреді.
Сондай-ақ қаптамада дәрілік түрі көрсетіледі, мысалы, таблеткалар немесе шәрбат, олардың мөлшері немесе көлемі, сериясы және жарамдылық мерзімі. Оған назар аударуды ұмытпаңыз және мерзімі өткен препараттарды қолданбаңыз. Бұл тиімсіз, тіпті, қауіпті болуы мүмкін.