«Өз организмімді қалай емдеу керектігін өзім білемін» — бұл өзін-өзі емдеудің барлық жақтаушыларының дәлелі. Иә, кейде аурумен күресудің бұл әдісі іске асып жатады, мысалы, жеңіл суық тию немесе мұрынның ағуы кезінде. Созылмалы аурулары бар адамдар да өзін-өзі емдеуге жүгіне алады, өйткені олар дәрі-дәрмектерді ұзақ уақыт және дәрігермен келісілген белгілі бір схема бойынша қабылдайды. Қант диабетімен ауыратын науқастар қант пен рационды бақылайды, дәрі ішеді, тіпті, инъекция жасайды.
Өкінішке қарай, денсаулыққа жауапсыз қарайтын жағдайлар да болады. Көбінесе бұл рецептісіз дәрі-дәрмектерді дұрыс түсінбеу салдарынан болады: егер оларға рецепт қажет болмаса, олар зиянсыз деген пікір қалыптасады. Бұл мүлдем олай емес. Кез келген, тіпті, ең зиянсыз таблеткаларды бақылаусыз қабылдау асқынуларға немесе кері әсерлерге әкелуі мүмкін.
Дәрігерге қашан бару керек?
Симптомдарды өз бетіңізше емдеу әрдайым мүмкін емес. Мынадай жағдайларда мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгініңіз:
- Бас, кеуде немесе іштің жиі ауыруы. Әсіресе, егер олар жедел, ауытқымалы сипатқа ие болса немесе уақыт өте келе күшейе түссе. Дәрігер сырқаттың қашан пайда болғанын, ұстама қандай күшпен және мерзіммен туындайтынын, ілеспе белгілерінің бар-жоғын нақтылауды сұрайды. Сондықтан мүмкіндігінше, мұндай ұсақ-түйектерді ойыңызда сақтаңыз, олар диагноз қоюға көмектеседі.
- Ентігу, жүректің жиі соғуы, әлсіздік. Мұндай симптомдар тахикардияны білдіруі мүмкін. Егер оны емдемесеңіз, инсультқа дейін апаратын қан айналымының ауыр проблемалары орын алуы мүмкін.
- Сананың, көрудің жоғалуы немесе бұлдырлығы. Естен тану жағдайлары бар, мысалы, егер толқып кетсеңіз немесе қысымыңыз күрт төмендесе. Бірақ бұл жиі орын алса, маманға жүгінуге себеп бар. Симптомдар жүрек-қантамыр жүйесінің проблемаларын білдіруі мүмкін.
- Сал, құрысулар. Біріншісі көбінесе орталық жүйке жүйесінің бұзылуынан болады, екіншісі инфекциялар, бүйрек немесе бауыр жеткіліксіздігі, эндокриндік жүйенің аурулары жайында сигнал бере алады.
- Қол-аяқтың әлсіздігі, қосарланып көріну. Мұндай белгілер неврологиялық патологияны көрсетеді. Егер олар жүрек айнуымен немесе бас айналумен бірге жүрсе, жарақатқа қатысты болуы мүмкін.
Өз бетіңізше қалай дұрыс емделген жөн?
Жеңіл сырқаттарды емдеу үшін дәрі-дәрмектерді дәрігер белгілемей-ақ қолдануға болады. Өзін-өзі емдеу өзін-өзі диагностикалау және дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қабылдау емес екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан қандай да бір белгілер мазалайтын болса, бұл маңызды ма, жоқ па деп ойламаған жөн, дереу маманға хабарласыңыз. Басқа жағдайларда бірнеше қарапайым ережелерді сақтауды ұсынамыз.

- Дәрі сатып алғанда фармацевтпен кеңесіңіз. Препараттың басқа заттармен өзараәрекеттесуі, оны қалай дұрыс сақтау және қандай мөлшерде қабылдау туралы біліңіз
- Пайдалану жөніндегі нұсқаулықты, әсіресе, «Қарсы көрсетілімдер», «Кері әсерлер» және «Өзараәрекеттесу» бөлімдерін мұқият оқып шығыңыз.
- Жүктілік немесе бала емізу кезінде препаратты қабылдауға болатындығын анықтау керек. Егер науқас бала болса, дереу дәрігермен кеңескен дұрыс.
- Бірнеше дәрі қабылдаған кезде олардың құрамында бірдей белсенді зат жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Сонда шамадан тыс мөлшердің алдын аласыз.
- Өзіңіздің көңіл-күйіңізді бақылаңыз.Егер жағдайыңыз нашарласа немесе үш күннен артық оң өзгерістер болмаса, дереу маманға хабарласыңыз.